«Рухты азамат-ел қорғаны» атты аудандық шара
ӘСКЕРИ-ПАТРИОТТЫҚ ШАРА🇰🇿🇰🇿🇰🇿
«Рухты азамат-ел қорғаны» атты аудандық шараның мақсаты- жастардың әскери борышын өтеудегі оң имиджін қалыптастыру.
Шараға аудан әкімі Ж.Жидеханов, бөлім, мекеме басшылары, ардагерлер, білім беру ұйымдарының жоғары сынып оқушылары, ата-аналар және «Үздік шекарашы», «Ерлігі үшін» медалінің иегері, мектеп түлегі Ерлан Ниязовтың анасы Сарбияз апа, бауырлары қатысты.
Шара барысында «Мың бала» әскери-патриоттық клуб мүшелерінің ұсынған әдеби-сазды хоры мен бастауыш сынып ер балаларының Отанды қорғау туралы айтқан ұрандары көрермендердің рухын оятып, жігерлендіргендей.
2007 жылы ҚА ҰҚК Шекара қызметі 2020 әскери бөлімінің «Сарыағаш» шекара заставасында Отан алдындағы борышын өтеу кезінде шекараны бұзып өтпек болған контрабандалық топты құрықтауда ерлікпен қаза тапқан батыр Ерлан Ниязов туралы әзірленген бейнеролик көрсетілді. Бейнесюжеттен соң, жүргізуші Ә.Мұхамедәлиев сұхбат алаңына ержүрек батырдың анасын шақырды. Толқу үстінде отырған ананың ойын Ерланның қарындасы Гүлбану Ниязова жеткізді, өскелең буын рухын әрдайым биік ұстаса, ешбір дұшпан тізесін батыра алмайтындығын айтып, ер балаларды елін қорғаудан жалтармауға шақырды.
Шалқар ауданы қорғаныс істері жөніндегі бөлім бастығының орынбасары Ә.Жұмаханов сөз сөйлеп, ауданнан әскер қатарына қабылданған шалқарлық сарбаздар туралы мониторинг жасап, әскерге барған жастарға мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан жеңілдіктермен таныстырды.
Мектептегі АӘД пәнінің мұғалімі М.Дәрібаев «Мың бала» клубының жұмысымен таныстырып, клуб мүшелері әскери жаттығуларға негізделген спорттық өнерлерін, автоматты шашып-жинаудың тәсілдерін көрсетті. Патриоттық әндер шырқалып, отансүйгіштік тақырыбында оқылған өлеңдер, әсерлі сәттер мен сюжеттердің көрермен бозбалаларға берер тағылымды тұстары мол болды.