«Біліктілікті арттыру-педагогтердің кәсіби шыңдалуының негізгі факторы» тақырыбында әдістемелік семинар

Бүгін мектебімізде «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы «Ақтөбе облысы бойынша педагог кадрлардың біліктілігін арттыру институтының» ұйымдастыруымен біліктілік арттыру курсынан өтіп келген әріптестерімізбен «Біліктілікті арттыру-педагогтердің кәсіби шыңдалуының негізгі факторы» тақырыбында әдістемелік семинар болып өтті. Семинар барысында «10-11 сыныптар математика курсының күрделі тақырыптарын оқытуда математика пәнінің құзыреттіліктерін дамыту» тақырыбында курстан өткен математика пәні мұғалімдері Төлемісова Гүлмира, Матбаева Раушан, Сарина Назгүл өздерінің осы курстан алған білім-білік дағдыларын, іс-тәжірибесін ортаға салып, аудиториямен жұмыстар жүргізді. Биология пәні мұғалімі Ермағанбетов Бауыржан «Биология пәні мұғалімдерінің пәндік құзыреттіліктерін дамыту. 7-9 сыныптағы қиын тақырыптар» тақырыбында өткен курстан алған әдіс-тәсілдерін ортаға салып, тренинг ұйымдастырып, семинарға қатысушыларға PISA тапсырмаларын орындату арқылы функционалдық сауаттылықты арттыру тәжірибесімен бөлісті.Орыс тілі пәні мұғалімі Изтлеуова Роза да аудиториямен шебер-класс өткізіп, мұғалімдердің қызығушылығын оятты.
Ақтөбе облысы бойынша «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ сапалы курстар ұйымдастыруда. Біліктілігін арттырып келген педагогтердің барлығы да біліктілік арттыру курстарындағы реформаға ерекше ден қойып, жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын , пәндік құзіреттілік және функционалдық сауаттылықты арттыруды, Lesson study әдістемесін басты назарда ұстайтындығы туралы жарыса айтып, курсты ұйымдастырушыларға өз ризашылықтарын білдірді. Семинар мазмұнды, жүйелі түрде өтті.

Модератор-А.Садыбекова